1. Спорттық жарыстың атауы және өткізілу орны мен уақыты
Жарыстың атауы: Радиокөпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты. Жарысты өткізу орыны Бурабай кенті, өткізу уақыты 2025 жыл 5-8 мамыр аралығы.
Жарысқа қатысушылар мен жарыс төрешілерінің жарысқа келу күні 2025 жылдың 4 сәуірі, жарыстан кері қайту күні 2025 жылдың 9 мамыры.
2. Жарысқа қатысушы ұйымдар
Чемпионатқа қатысуға Қазақстан облыстарының, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының құрама командалары шақырылады.
Жарысқа облыстық құрама команда мүшелері облыстық чемпионаттың нәтижесі бойынша іріктеліп, жарысқа жіберіледі. Топтар жас ерекшеліктеріне сәйкес жарыстың әр түріне қарай анықталады. Жарысқа қатысушы командалар құрамының саны жарыс ережесінің санатына сәкес болуы тиіс.
Командалар құрамы:
Е21 – 3 адам, Ә21 – 3 адам,
Е19 – 3 адам, Ә19 – 3 адам
Е16 – 3 адам, Ә16 – 3 адам,
Е14 – 3 адам, Ә14 – 3 адам,
1 жаттықтырушы (команда өкілі), 1-3 төреші болуы тиіс.
Спортшылардың жынысы мен туған жылы
Жасөспірімдер (ерлер, әйелдер) 14 – 17 жас.
Юниорлар (ерлер, әйелдер) 18, — 20 жас.
Жастар (ерлер, әйелдер) 21 – 28 жас.
29 жас және одан жоғары (ересек әйелдер мен ерлер).
Жарыстың ұйымдастырушылары – Қазақстанның Радиоспорт және Радиоәуесқой Федерациясы (әрі қарай – ҚРРФ) және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.
Жарыстарды тікелей өткізу Қазақстанның Радиоспорт және Радиоәуесқой Федерациясы бекіткен төрешілер алқасына жүктеледі.
Жарысқа төрешілік етуші төрешілер алқасының құрамы 7 төрешіден кем болмауы тиіс.
Төрешілер алқасының құрамы:
• Бас төреші
• Бас хашы
• Техникалық төрешілер
Жарысқа төрешілік ету арнайы радиоэлектронды жабдықтарды пайдалану арқылы, цифрлы бағдарлама бойынша, қашықтықтан бақылау түрінде жүргізіледі.
Жарыстарды ұйымдастыру келесі құжаттарға сәйкес жүргізіледі:
— Радиоспорт бойынша жарыстарды өткізудің ережелері,
— Радиоәуесқой қызметтерінің радиоэлектрондық құралдарын тіркеу және пайдалану ережелері,
— Қазақстан Республикасының спорттық классификациясы,
— Радиоспорт бойынша 2025 жылға арналған спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспары.
Спорттық жарысты өткізу жүйесі
Жарыс бағдарламасы 4 бағдарламадан тұрады:
1 күн — қатысушылардың келуі, мандат комиссиясы, жарыстың ашылу салтанаты;
2-ші күн: Радиокөпсайыс, 1-ші бағдарлама.
3-ші күн: Радиокөпсайыс, 2-ші бағдарлама.
4-ші күн: Радиокөпсайыс, 3-ші бағдарлама.
5-ші күн: Радиокөпсайыс, 4-ші бағдарлама, марапаттау, жарыстың жабылу іс-шарасы;
6 күн — жарысқа қатысушылардың кері қайтуы.
Әрбір қатысушы радиоқабылдағыш-пеленгатормен, құлаққаппен, спорттық арнайы компаспен, жарыс өтетін аймақтың топографиялық картасымен, планшетпен қатамасыз етілуі тиіс. Әрбір команданың ұшқышсыз ұшу құрылғысы (дрон) болуы тиіс.
Спортшылар жарыстың барлық төрт бағдарламасына қатысып, олардың талаптарын орындауына міндетті.
Жарыс нәтижесі барлық төрт жарыс бағдарламасының қорытындысы бойынша шығарылады.
1-ші бағдарлама: Радиокөпсайыс 1-ші бағдарлама 4 кезеңнен тұрады:
1 – кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгаторды пайдалана отырып, бірінші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
2- кезеңде: Спортшы бірінші радиотолқын таратқыштың тұрған жерінде орналасқан компьютерден Морзе әліппесі бойынша берілген радиограмманы қатесіз қабылдап, электронды телеграф кілтін пайдалана отырып, радиограмманы жіберуі тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
3 – кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгаторды пайдалана отырып, 2-ші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
4 – кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгатор мен картаны пайдалана отырып, финиште орналасқан радиотолқын таратқыштың сигналын бағдарға алып, фиништің тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
Жалпы берілген қорытынды есептік уақыт 90 минут.
2-ші бағдарлама: Радиокөпсайыс 2-ші бағдарлама 4 кезеңнен тұрады:
1- кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгаторды пайдалана отырып, 1-ші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
2 – кезеңде: Спортшы 1-ші радиотолқын таратқыштың тұрған жерінде орналасқан қысқа толқынды радиостанция арқылы SSB модуляциясы бойынша базалық радиостанциядан берілген радиограмманы қатесіз қабылдап, микрофонды пайдалана отырып, өз радиограммасын жіберуі тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
3 – кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгаторды пайдалана отырып, 2-ші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут.
4 – кезеңде: Спортшы радиоқабылдағыш-пеленгатор мен картаны пайдалана отырып, финиште орналасқан радиотолқын таратқыштың сигналын бағдарға алып, фиништің тұрған жерін іздеп табуы тиіс. Есептік уақыт 20 минут. Жалпы берілген қорытынды есептік уақыт 90 минут.
3-ші бағдарлама
Бұл бағдарлама командалық жарыс болып табылады. Әр команда құрамы үш спортшыдан тұрады. Жарыс ережесі бойынша жарыс өтетін аймаққа үш радиотолқын таратқыш орнатылады. Радиотолқын таратқыштардың толқын тарату жиілік диапазоны 144 — 146 МГц шеңберінде болуы шарт. Бірінші және екінші радиотолқын таратқыштардың тұрған жері қызыл және ақ түсті, 30х30х30 см. призмалармен, үшінші радиотолқын таратқыштардың тұрған жері ашық алаңда орналасқан, 3 цифры жазылған 3 х 3 метрлік ақ матамен белгіленеді. Бұл екі радиотолқын таратқыштың тұрңан жері картада белгіленіп, үшінші радиотолқын таратқыштың тұрңан жері картада белгіленбейді және құпия сақталуы шарт. Спортшылар старттан шыққан соң, радиоқабылдағыш-пеленгатор мен карта, компасты пайдалана отырып, біреуі бірінші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін, екіншісі, екінші радиотолқын таратқыштың тұрған жерін іздеп табулары тиіс. Әрқайсысы сол нүктелерде тұрып, радиоқабылдағыш пеленгатор және арнайы спорттық компас арқылы үшінші радиотолқын таратқыштан беріліп жатқан радиосигналдың бағытын (азимутын) белгілеп, оны рация арқылы үшінші спортшы, ұшқыш дрон операторына хабарлайды. Хабарлап болған соң, финишке қайтады. Дрон операторы қабылданған радиосигналдардың бағыттарын (азимутын) топографиялық картаға түсіріп, радиотолқын таратқыштың тұрған жерін (координатын) есептеп шығарады. Радиотолқын таратқыштың тұрған жері (координаты) анықталған соң, дрон операторы ұшқыш дрон арқылы оның тұрған жерін тауып, оны жақын аралықтан (10 метр) суретке түсіріп, кері, финишке қайтады. Орташа қашықтық 3-5 километр. Команданың қорытынды есептік уақыты үш қатысушының соңғысының финишке келген уақыты болып есептеледі. Жалпы берілетін есептік уақыт 90 минут.
4-ші бағдарлама:
Радиокөпсайыс 4-ші бағдарлама 2 кезеңнен тұрады: Жарыс өтетін аймақта жалпы 6 радиотолқын таратқыш орнатылады. Олардың үшеуі 3,5 МГц диапазонында, үшеуі 145 МГц диапазонында жұмыс істейді. 3,5 МГц диапазонында 2 радиотолын таратқыш бір жиілікте, минутына 50 белгі жылдамдықпен, 2 минуттық цикл бойынша, Морзе әліппесі арқылы өз «МОЕ» және «МОI» сигналдарын кезекпен жіберіп отырады. Олардан басқа екінші жиілікте аралық финиш радиотолқын таратқышы, Морзе әліппесі арқылы «S» сигналын толассыз жіберіп отырады. 145 МГц диапазонында 2 радиотолын таратқыш бір жиілікте, минутына 50 белгі жылдамдықпен, 2 минуттық цикл бойынша, Морзе әліппесі арқылы өз «МОЕ» және «МОI» сигналдарын кезекпен жіберіп отырады. Олардан басқа екінші жиілікте финиш радиотолқын таратқышы, Морзе әліппесі арқылы «МО» сигналын толассыз жіберіп отырады.
1 – кезеңде: Спортшы 3,5 диапазонына арналған радиоқабылдағыш-пеленгатор, спорттық арнайы компас және жарыс өтетін аймақтың топографиялық картасын пайдалана отырып, барлық радиотолқын таратқыштарды тауып, аралық финишке жетуі тиіс. Есептік уақыт 45 минут.
2 – кезеңде: Спортшы аралық финиште 3,5 МГц пеленгаторын төреші арқылы 145 МГц пеленгаторына ауыстырып, 145 МГц диапазонына арналған радиоқабылдағыш-пеленгатор, спорттық арнайы компас және жарыс өтетін аймақтың топографиялық картасын пайдалана отырып, барлық радиотолқын таратқыштарды тауып, финишке жетуі тиіс. Есептік уақыт 45 минут. Жалпы берілген қорытынды есептік уақыт 120 минут.
3. Медициналық-санитарлық қамтамасыз ету және допингке қарсы шараларды жүргізу
Санитарлық режімнің талаптары:
— командалардың бөлек және қауіпсіз орналасуы мен тамақтануын қамтамасыз ету (жарыс өтетін орынға барынша жақын болуы тиіс);
— орналасқан және тамақтанатын, жарыс өтетін орындардан тыс жерлерге қатысушылардың рұқсатсыз баруын шектеу;
— Карантиндік шектеу шаралары болған жағдайда олардың талаптары сақталуы тиіс.
— тазалықты сақтау;
— санитарлық тораптарды (дәретхана және т.б.) жеке тазалық құралдарымен (сұйық сабын, антисептиктер) қамтамасыз ету;
Спортшы кез-келген жерде (жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында немесе кез-келген басқа жерде) допинг-бақылау процедурасынан өту үшін іріктелуі мүмкін. Процедурадан өтуден бас тарту допингке қарсы ережелерді бұзу болып табылады, бұл спортшыға қатысты санкцияларды қолдануға әкеледі.
4. Спорттық жарысқа қатысу үшін өтінімдер берудің тәртібі мен мерзімі және қатысушыларды қаржылық қамтамасыз ету тәртібі
Жарысқа қатысу туралы өтініш жарыстың басталуына 10 күн қалғанға дейін ҚРРФ акредиттелген филиалдары арқылы электронды түрде жіберілуі тиіс. Өтініштер жеке тізім бойынша жарысқа келген күні мандаттық комиссияда бекітіледі.
Мандаттық комиссияға келесі құжаттар табыс етілуі тиіс:
1. Жеке куәлік
2. Спорттық кітапша
3. Медициналық анықтама
Жарыс жеңімпаздарын марапаттау шығыны (дипломдар, медальдер, кубоктар) мен шақырылған төрешілердің еңбекақысы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «СДД» РМҚК-ның есебінен жүргізіледі.
Қатысушылар мен төрешілердің жол шығыны, қонақ үйде тұруы, тамақтануы және қатысу жарналары үшін шығындарды оларды іссапарға жіберетін ұйымдар және спортшылардың өздері өтейді.
5. Спорттық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлерді марапаттау тәртібі
Әрбір топшада алғашқы үш орынды алған қатысушылар Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің медальдарімен және дипломдарымен марапатталады.
Жарыс нәтижелерін бағалау, арнайы радиоэлектронды жабдықтарды пайдалану арқылы, қашықтықтан бақылау түрінде жүргізіледі. Жарыс нәтижелерін электронды-цифрлық бағдарлама анықтайды.
6. Шағым беру және оларды қарастыру тәртібі
Шағымдарды спорт жарыстарына қатысатын спорт командасының өкілі ғана, ол болмаған жағдайда – спорт командасының капитаны жарыстың ресми нәтижелері жарияланғаннан кейін 1 сағат ішінде бере алады.
Жеке біріншілікке шығатын спорт жарыстарының қатысушылары шағымдарды өз беттерінше бере алады. Шағымдар жазбаша түрде беріледі. Шағымдар спорт жарыстарының бас төрешісінің атына жазылып, спорт жарыстарының бас хатшысына тапсырылады.
Шағымда, шағым беруші «Спорт жарыстарының ережесінің» немесе қағидаларының қандай тармағының бұзылғанын көрсетуі тиіс.
«Спорт жарыстарының ережесінің» немесе қағидаларының қандай тармағы бұзылғаны көрсетілмеген, немесе уақытынан кеш берілген шағымдар қаралмайды.


